
19 қаңтарда «Замандас» ардагерлер клубында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауы түсіндірілді. Жиналысқа қала әкімінің орынбасары М.Мәлікова, зейнетақы тағайындау орталығының директоры О.Коромская, қалалық аурухана басшысы М.Андосов, тағы басқалар келді. Мәриям Дәулетбекқызы жиналғандар назарын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудың негізгі 10 бағытына аударды. Осы орайда ол қаланың өткен жылы қол жеткізген экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
Ардагерлер емханаларда салалық мамандардың жоқтығына алаңдайды. Денсаулық қадірін білетін зейнеткерлер осы мәселені көтеріп, қалалық аурухана басшысына шағымданды. Сондай-ақ, зейнетақы мәселесі бойынша сұрақтарына тиісті орган басшысынан жауап алды.
- Строительдер көшесіне жөндеу жүргелі жолдың астаң-кестеңі шықты. Автобус жүрмейді. Бұл қашан түзеледі? – деген көптің сұрағына қала әкімінің орынбасары бұл жұмыс 2018 жылдың аяғына дейін жеткізілетінін айтты.
23-шағынауданда автобус 21.00-ге дейін ғана жүретінін айтқан зейнеткерлер оның жүру уақытын ұзартса деген тілектерін білдірді. Солтүстік округінің ардагерлері Гридин көшесін жарықтандыруды сұрады. Қойылған сұрақтар әкім бақылауына алынды.
Сөз соңында ардагерлер қала әкімінің жұмысына оң баға беріп тарқасты.