Құдірет

Жоқтан бар қып, жаһанда жан бітірген құдірет,

Жер жаратып, таулы орман, сән бітірген құдірет.

Суға балық, далаға аң, мал бітірген құдірет,

Ырыздық қып, несібе дән бітірген құдірет.

Толығырақ

ИТ ТІРЛІК

(Әңгіме)

Көктемнің күн шуағын аямай, мейірлене молынан шашқан мамыражай күні. Қыс бойы суықтан қорғалақтап, жылы пештің жанынан шыға алмай қалған кәрілер табалдырықтан тысқа бүгежектей аттап, әлсіз жанарын күннен көлегейлей жасқана қарап, үйдің бұрышынан тапқан құрғасын жерге көнетоз көрпеше-бөстектерін төсеп, бел жазысып отырысқан. Бір-біріне жапсарластыра салынған бес үйлі барақтың бірінші есігінен шыққан қара кемпір де ұйып қалған белін әрең жазып, қарына ескі тонын іліп, үй маңайынан бір құрғақтау жер іздеп еді, күннің көзі тура түсетін бұрышта сабалақ жүнді алақаншық жатыр екен. Басқа жер әлі сыз секілді. «Бәтір-ау» деп ернін бір сылп еткізді де, аңырып тұрып қалды. Итті тұрғызып жіберейін десе, ол сезетін емес, тұмсығын бауырына тығып ұйықтап жатыр. Әрі қампиған қарнын байқап «бәтір-ау» деді тағы да үлкен кісілерге тән аяуға, мүсіркеуге бейім жылы жүрек, жұмсақ көңілмен, «күшіктегелі жүр екен ғой». Айналасын шолып тағы тұрды да, ыңғайлы жер таппағасын тонын ұстаған күйі үйге қайта кірді.

Толығырақ