орнамент

«ЕЭК» АҚ «Шығыс» кенішінің технологиялық циклдерінің тиімділігін көтеруге ТДТН-40000 110\35\6 кВ жаңа трансформаторы көмектеседі. Жаңа қондырғы №7 тарту-бөлу қосалқы станциясында орнатылып, тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілді.

Тозған қондырғыны ауыстыруға сатып алынған заманауи техника бос жүру шығынын азайтуға мүмкіндік беріп, пайдаланудың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру кәсіпорын үшін 202,5 миллион теңгеге түсті.

Трансформатор тендер арқылы қазақстандық өндіруші – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-нан сатып алынды. Жуық арада көмір кенішінің энергия цехы жұмыскерлері зауыт өкілдерімен бірлесіп құрылғыны толық пайдалануға қосады.

-        Күш трансформаторын ауыстыру кезінде энергия шығынын шектеуге, сондай-ақ, құрылғыны тиімді пайдалануға бағытталған бірқатар іс-шара қарастырылған. Бұл орайда, электр энергиясын үнемдеу жөніндегі шаралар тұтастай кеніш, сондай-ақ, әр агрегат пен қондырғы бойынша жасалған. Мәселен, кеніштің жалпы сызбасына қондырғы сызбасын қосу, сонымен бірге, олардың бірлесіп жұмыс істеуі – энергияны тиімді пайдалану жағы ескеріліп жасалды, — деп атап өтті «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кеніші бас энергетигі Гарифулла Уразбаев.

Маманның айтуынша, қондырғы жоғары техникалық-экономикалық және экологиялық көрсеткіштерімен, сенімділігі және жөндеуге жарамдылығымен ерекшеленеді.

Кеніш тұтынушыларын энергиямен апатсыз қамтамасыз ету үшін 2018 жылдың басында осы подстанцияда кеншілер тағы бір ескірген трансформаторды жаңа ТДТН-40000 110Кв трансформаторына ауыстырды.

Таяуда кеніште ПКТП-35\6 №12 подстанциясы салынғанын да атап өтейік. Ол жаңа «Восточный-2» алаңында барлық өндіру тізбегінің апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етті.

Елена Паникаровская