
Келер жылдан бастап зейнеткерлік жасқа шыққандар бұрынғыдай қорға жинақталған қаражатты толығымен шешіп ала алмайды. Ай сайын ең көп дегенде 25 мың теңгені әмиянына салуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, 2018 жылдан әйелдердің зейнетке шығу жасы жыл сайын жарты жылға ұзарып, 2028 жылы 63-ке жетпек. Зейнетақы жүйесінде тағы қандай өзгерістер орын алады? Бұл туралы өңірімізге облыстан арнайы келген сала мамандары түсіндіріп берді.
Павлодар облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаменті басшысының орынбасары Галина Дмитриеваның мәлі-метінше, бүгінде елімізде зей-нетақымен қамтамасыз ету тетігі үш деңгейден тұрады. Бірінші деңгей — зейнетақы төлемдері халықтың жұмыс істейтін бөлігінің салық аударымдары мен өзге де түсімдер есебінен мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын ортақ зейнетақы жүйесі. Бұл зейнетақы базалық және еңбек деп аталатын екі бөліктен құралған. Базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге және зейнетке шыққан сәтте еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты айды құрайтын тұлғаларға төленеді. Осы ретте, келесі жылдан бастап базалық зейнетақыны тағайындаудың әдісі өзгеретінін атап өткен жөн. Мәселен, бүгінде базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына бірдей беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбек өтіліне қарай есептеліп бөлінетін болады. Яғни, жинақтаушы зейнетақы қорына жи-налған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі де еңбек өтілі есепке алынады. Түсінікті болу үшін мысал келтірсек. Егер азамат келер жылы зейнеткерлікке шығады делік. Оның 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілі 20 жыл болып, 15 жыл бойы зейнетақы жинақтау қорына үзіліссіз зейнетақы жарнасын төлеп келді. Осылайша, оның жиынтық еңбек өтілі 35 жылға тең болады. Жаңа жүйе әдісіне сай, егер еңбек өтілі 10 жылдан кем болған жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54 пайыз тағайындалады. Бұл сома келер жылы – 15274 теңге. Еңбек өтілі 10 жылдан асатын болса, әр жыл үшін 2 пайыз үстеме қосылады. Егер жоғарыдағы мысалда келтірілгендей, жалпы еңбек өтілі 35 жыл болатын болса, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі өмір сүру деңгейінің 100 пайыз көлемінде, егер еңбек өтілі 20 жыл болатын болса, ең төменгі өмір сүру деңгейінің 74 пайыз көлемінде тағайындалады. Бұған дейін базалық зейнетақы алатын зейнеткерлерге 14 466 мың теңге үлестіріліп келсе, 1 шілдеден бұл сома 28 274 теңгені құрайды. Аталған шара еңбек өтілі көп бола тұра аз зейнетақы алып келген зейнеткерлердің зейнетақысын айтарлықтай жоғарылатып, әлеуметтік әділеттілікті орнатады деп күтілуде.
Екінші деңгей – Қазақстан азаматтары, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін ай сайынғы табыстан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналары және зиянды әрі қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына жұмыс берушінің қаражаты есебінен аударылатын қызметкерлердің ай сайынғы табысынан 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі.
Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына (ЕЗЖ) негізделген жинақтау жүйесі. ЕЗЖ көлемі, оларды төлеу тәртібі мен кейінгі төлемдер тараптардың ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартындағы келісімдер бойынша анықталады.
Галина Дмитриеваның айтуынша, келер жылы еңбек өтілін есептеу барысында еңбек кітапшасы өз маңыздылығын жоғалтады. Тиісті шаралар тек электронды түрде жүргізілмек. Егер есепке алынбаған еңбек өтілін дәлелде-гіңіз келсе, соттың шешімі ғана қанағаттандырылады.
Әйелдердің зейнетке шығу жасы келер жылдан бастап жарты жылға ұзаратынын жоғары-да жаздық. Яғни, 2018 жылдың қаңтар айында зейнетке шығуы тиіс азамат тек шілде айында ғана зейнеткерлік жасқа шығу тойын тойлай алады. Жеңілдік қағазы бар тұлғалар үшін зейнетке шығу жасы сақтала бермек. Мәселен, көпбалалы аналар 53 жасында зейнеткерлікке шығады.
Ал 50 жаста зейнеткерлікке шыққыңыз келе ме? Ол үшін әйел адамдардың зейнетақы қорында — 12 миллион, ал ер адамдарда 8-10 миллион теңге қаражат болуы тиіс. Мұны зейнетақы аннуитеті (жыл сайынғы төлемақы, тұрақты түсім) дейді. Яғни, 50 жаста зейнетақы аннуитетін сатып алып, зейнетақы төлемін алуға болады. Бірақ бұл төлем зейнет жасына жеткенде ғана беріле бастайды, яғни, әйел 63 жасқа толғанда ғана зейнетақы төленеді. Десе де есепке жүйріктер бұған кез келген азаматтың қол жеткізе бермейтінін алға тартуда. Жалпы алғанда, жаңа зейнетақы жүйесі қоғамда «қанша көп еңбек етсең, сонша көп зейнетақы аласың» ұғымын қалыптастыруға бағытталған.
Жиында талқыланған екінші мәселе – Мемлекет басшысы-ның қолданыстағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру тапсырмасы аясында қолға алынған «Өрлеу» жобасы.
«Өрлеу» жобасы – аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтудың әр түрлі формаларына қатыстыру, одан әрі жұмысқа орналастырумен немесе жеке ісін ұйымдастырумен оқыту және қайта оқыту арқылы белсенді ету. Аз қамтылған отбасылардың қатарынан шығару үшін отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасасқан отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмысқа және еңбекақыға ие болады, ал мемлекет отбасының белсенділігін арттыру әлеуметтік келісімшартының күші бар уақыт бойы әлеуметтік төлем төлеп отырады.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Қамалованың айтуынша, «Өрлеу» жобасы Екібастұз өңірінде сәтті жүзеге асуда. Атап айтсақ, жақында аз қамтылған отбасы мүшесі киім тоқу шеберханасын ашуға ниеттеніп, оған мемлекет тарапынан 300 мың теңгеден астам қаражат берілген. Бүгінде ол тігін машинасын сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. «Сәйкесінше, отбасылық табысы артып, ешкімге алақан жайып отырған жоқ», — дейді сала мамандары. Медицина мамандығына ие болған тағы бір азамат массаж жасау ісін сәтті жалғастыруда.
Жалпы, «Өрлеу» жобасына қатысуға шартты ақшалай көмек тағайындауға өтініш білдірген және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының міндеттемелерін орындауға ке-лісімін берген, айлық табысы жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 пайыздан төмен болатын отбасылардың (адамдардың) құқығы бар.
Шартты ақшалай көмек көрсетілуге қажетті құжаттар тізімі:
- жеке басын куәландыратын құжат;
- отбасы құрамы туралы мәліметтер;
- отбасы мүшесіне қамқоршылықтың (қорғаншылықтың) белгіленгенін растайтын құжат (қажет болған жағдайда);
- тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе мекенжай анықтамасы немесе ауылдық округ әкімінің анықтамасы;
- жеке қосалқы шаруашылығының болуы туралы мәліметтер.