
Алмағайып 90-шы жылдар іші. Көрші армян шал ғайыптан қонаққа шақырды. Дәмнен үлкен емеспіз, бардық. Төргі бөлме толы армяндар. Гу-гу, ду-ду етеді. Қап тауы халқы даурығып сөйлейді ғой, дауыстары құлақты жарып жіберердей. Біраздан соң:
- Көрші, біз қайтайық, — деп орнымнан тұруға ыңғайландым.
- Неге, қонақ күту рәсіміміз ұнамай қалды ма? — деді отағасы.
- Бәрі тамаша, тек біртүрлі, сіздің тілді түсінбегендіктен, дым ұқпай, өзімді жайсыз сезініп отырмын.
- Қымбаттым, кешір! Орысша сөйлеуге тырысамыз. Отыр, — деп қалбалақтады армян шал.
Алайда көп ұзамай қонақтар үйреншікті өз тіліне көшіп кетті. Үйге келген соң, көз іле алмай, дөңбекшіп жаттым. «Қандай бақытты халық! Ана тілін қалайша қадірлей біледі!».
… Қаны бір қазаққа ойыңды жеткізе алмау – қасірет. «Елу жылда — ел жаңа». Қазақ Елі жиырма бес жыл ішінде көп жаңарды. Тек ана тіліміз әлі тұғырына қона алмай тұр. Ұлтымыздың басым бөлігі орысша ойлайды, орысша сөйлейді. Тіптен, ұғынысу үшін аудармашы шақыртсаң да болғандай. Айтпақшы, орыстілді қазақтарды бауырға тартамыз деп, көркем де бай ана тіліміз жұтаң тартты. Өйткені ойыңды ауызекі тілмен жеткізуге тырысасың. Әйтпесе, қарабайыр сөзді шала-шарпы түсінетін шала қазақ мақалдап-мәтелдеп сөйлесең, «Мына, пәле, бірдеңені бықсытып, бүлдіргісі келіп отыр ма?» деп, үрке қарап, секем ала қалады. Содан соң айтқаныңды миында жалма-жан орысшаға аударып, жауап сөзін ойыңда орысша жұптап, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, күлдімбадам қойыртпағымен бірдеңені міңгірлеп құтылғанша асық болады.
… Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы соғыстан кейін әскери академияда оқиды. Күндердің күні жазбаша сынақ тапсырады. Ертеңінде оқытушы: «Алғашқы сұрақтардың бәріне тамаша жауап беріпсіз. Алайда соңғы екі сұрақ жауапсыз қалыпты. Жұмыс аяқталмағандықтан, қанағаттанарлықсыз деген баға қойдым», — деп, Бауыржан батырдың қолына дәптерін ұстатыпты. Әділетсіздікке жаны қас полковник академия басшысына арызданады.
- Айтыңызшы, өзгелерге жеткен уақыт сізге неге тапшы болды? — деп сұрайды академия басшысы сынақ жұмысымен мұқият танысып шыққан соң.
- Өйткені олардың ойлау жүйесі бір сатылы, менікі екі сатылы.
- Қалайша? Ұғындыра айтыңызшы.
- Мен – қазақпын. Тапсырма орысша берілді. Әуелі сұрақтарды қазақшалап, жауапты ойымда қазақша қорыттым. Осыдан кейін орысша қағазға түсірдім, — депті сонда Баукең.
Батырдың шынайы болмысына тәнті болған академия басшысы «екі» деген бағаны сызып тастап, «бес» деп жазып беріпті.
Екі сатылы ойлау жүйесінен қашан құтылар екенбіз?