
Қытайдай алпауыт мемлекетті ерекше дауысымен тәнті еткен Димаштай азаматына қазақ халқының «жарайсың» дегеннен басқа айтары жоқ. Қазіргі таңда Қытайда өтіп жатқан «Мен әншімін-2017» байқауында қазақ елінің намысын қорғай барған Димашқа «өте жоғары» деген баға беруде. Небәрі 21 жастағы жас әнші аспан асты еліне әншілігін мойындатты.
Д.Құдайбергеновтің жетістігін тізе кетсек, еліміздегі «Айналайын», «Балдәурен», «Жас қа-нат» сынды ән сайыстарының, 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» байқауының жеңімпазы. Қытайдағы байқаудың бес кезеңінен де сүрінбей өтіп келе жатқаны — қытайлықтардың өнерді терең бағалайтындығының белгісі.
Байқаудың ерекшелігі — додаға түсіп жатқан әншілер өз араларында «мықты» деп тапқан қарсыласына баға бере алатынында. Ал көрермен мойындап тұрған кіл мықтыны олар қалай мойындамасын? Қытайдың әр жерінен келген әншілер бірауыздан қытайша «Димаши» деп дауыс бергені қазақ баласының өнерін ғана емес, қазақ елінің өне-рін бағалап жатқандай әсер қалдырады. Талай қытай қыздары Димашқа сезімін білдіріп, қазақша хат жазуда. Демек, әншінің өнері ғана емес, өмірі де қытайлықтардың назарында. Әйгілі актер Джеки Чанмен кездесу біреулерге қол жетпес арман болуы мүмкін. Ал Димаш оған оңайлықпен қол жеткізді. Актер иығына қазақтың оюлы шапанын іліп, күйін тыңдады.
Өнерінен бөлек, ол көрерменін қарапайымдылығымен де тартады. Димаш кішкентайынан ата-анасының емес, ата-әжесінің тәрбиесінде болған. Ата-әже мектебі — тәрбиенің кәусар бұлағы. 5 жасынан бастап фортепианода ойнауды үйреніп, балалар хорында ән айтқан. Димаштың ата-анасы: танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Әкесі Қанат Айтбаев облыстық филормонияның басшысы болса, анасы Светлана Айтбаева облыстық мәслихаттың депутаты көрінеді. Соңынан ерген қарындасы Раушан және інісі Мансұр да өнерден алыс емес.
2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдады. Қазір Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «эстрада өнері» факультетінде оқуда.
Димаштың көктемге дейін жалғасатын ән додасынан сүрінбей өтіп, елге жеңіспен оралуына тілектеспіз.